«Жаңашыл мұғалім-2016» байқауы 2015 жылдың 2 қазанында басталған болатын. Екі кезеңнен тұратын байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар үш сабақ жоспарын, екінші кезеңінде байқау шарты бойынша түсірілген екі бейнематериалын ұсынды. Байқаудың басты шарты мұғалімнің шеберлігін танытып, шығармашылық әлеуетін көрсетіп, BilimLand.kz ресурстарын сабақ беру барысында тиімді пайдалануы болатын.
Біз байқауға атсалысып, жұмыстарын жіберіп, белсенді қатысқан барлық қатысушыға ризашылығымызды білдіреміз.
Бірінші кезеңге еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам жұмыс келіп түсті. Оның 131-і екінші кезеңге жолдама алды. Сарапшылар финалға жеткен жұмыс иелерінің BilimLand.kz ресурстарын пайдаланудағы бірегей идеясына, тәжірибелік тұрғыдан тиімді пайдалану тәсілдеріне, сондай-ақ жұмыстардың сапалы болуына баса назар аударды. Атап өтер жайт, сарапшы комиссия мүшелеріне ең үздік жұмысты таңдау оңай болған жоқ. Себебі кәсіби тұрғыда шебер орындалған жұмыстардың көптігі байыпты талдау жасауға негіз болды.
Комиссия алқасының шешімімен үш жеңімпаздың және келесі кезектегі он дипломанттың аты-жөні анықталды. Жеңімпаздар мен дипломанттар есімі сәуірдің 11-і күні жарияланады.
Жеңімпаздарды марапаттау және дипломдар мен сыйлықтарын табыстау салтанатты рәсімі 29 сәуірге дейін атқарылады (бұл туралы алдын ала қосымша хабарланады).
Байқаудың екінші кезеңіне өткен барлық қатысушы аты-жөні жазылған байқауға қатысқандығы жөнінде берілетін сертификатқа ие болады (қатысушының электронды мекенжайына жіберіледі).
www.bilimland.kz сайтындағы жаңалықтарымыздан қағыс қалмаңыз!