Қашықтан оқыту: дейін және кейін

Қашықтан оқыту: дейін және кейін

Әне-міне дегенше қазақстандық оқушылар қашықтан білім беру жүйесі бойынша төртінші тоқсанды тәмәмдағалы жатыр. Алғашқыда қалыптасқан пікірлер мен жаңа оқу жүйесі туралы көзқарастың да өзгергені анық. Себебі, оқушылар мен ата-аналар, мұғалімдер қашықтан оқытуға дағдыланып, онлайн оқытудың техникасын меңгеріп үлгерген. Тіпті мектепке бармай-ақ, үйден оқығысы келетін оқушылар да жоқ емес. Бірнеше апта бойы жалғасып келе жатқан “үйден оқуды” келесі оқу жылында да ұйымдастыру туралы ұсыныстар жиі айтылуда. Білім беру контентін әзірлеуші және қашықтан оқытуды ұйымдастырушы компания ретінде оқытуға қатысушылардың тың форматтағы жүйе туралы ойларын білуге тырыстық.

 

Бейсекова Толқын Батырбайқызы, Нұр-Сұлтан қаласындағы №66 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі:

Қашықтан оқыту мен оқу барысында жаңа технологиялар, платформалар мен  программалық бағдарламалармен танысуға мүмкіндік туды. Түрлі платформаларды пайдалана отырып, кез-келген уақытта, кез-келген жерде білім алу мен беру  мүмкіндігі бар. 
Қашықтықтан білім алушы оқу материалдарының көпшілігін өз бетінше оқиды, жеке жауапкершілігі артады.  Бұл тақырыптарды есте сақтау мен түсінуді жақсартады. Ал, оқу үрдісінде жаңа технологияларды қолдану ұстазды да оқушыны да  қызықты ете түседі. Әрине, оқу кабинетінде оқушыларды жүзбе-жүз көріп, сабақ түсіндіріп кері байланыс жасағанға жетпейді. Қашықтықтан оқытуда оқушының көңіл-күйін, сабақ мазмұнын толық түсінуін бірден аңғару қиын. Сондықтан онлайн және оффлайн түрінде де оқушы мен ата-анаға үнемі мотивация беріп отыру маңызды рөл атқарады.


Баян Мерей. Түркістан облысы,  Н.Төреқұлов атындағы ІТ мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы:

Елімізде болып жатқан жағдайға байланысты қашықтан оқытуды қолға алып, сабақ оқып жатқанымызға қуанамын. Оқушылардың сабақ үлгерімі төмендеп кетпес үшін жаңа тақырыптар бойынша түсіріп жатқан бейнесабақтар да ұнайды. Бастапқыда сабақты қашықтан қалай оқимын деп қорыққан едім, бірақ, қазір мектепке бармасақ та жаңа технологиялар көмегімен көп ақпарат ала алатынымызды білдім. Тек өкініштісі, сүйікті мұғалімдерімізбен бетпе-бет жүздесе алмаймыз.

Сопыбекова Нейля, Алматы қаласы, ата-ана:

Қазіргі уақытта төтенше жағдайдың орнауына байланысты Қазақстандағы білім жүйесінде көптеген өзгерістер орын алып жатыр. Соның бірі - қашықтан оқыту. Менің балам Кұрманбек Аңсар 1-сыныпта оқиды. Ол мұғалімінің тапсырмасы бойынша “Балапан” телеарнасынан күнделікті болып жатқан бейнесабақтарды көреді, содан соң сол жаңа тақырып негізінде жаттығуларды орындап жібереді. Қашықтан оқытудың бір пайдалы тұсы - бала өз бетімен білім алуға дағдыланып ізденіс үстінде болады екен. Дәл мектепке барғандай, сабақ кестесі бойынша белгіленген уақытта теледидар алдына отыра қалады. Кешкісін теледидардан қандай қызықты тәжірбиелер жасауға болатынын, жануарлар, табиғат құбылыстары және тағы да басқа сол секілді түрлі тақырыптағы видеолар көргенін айтып отырады. Балаға “ұрысып” емес, өзі қызығып қарайтын сабақтар ұсынылуда. Ата-ана ретінде оқушылар үшін осындай керемет танымдық бейнесабақтар түсіріп жатқаны өте қатты қуантады.

Тұрапова Назым, Нұр-Сұлтан қаласындағы 41 орта мектептің 8-сынып оқушысы: 

Қашықтан оқыту аса қатты қиындық тудырмайды, бірақ кейде үй жұмысын орындап үлгере алмай жатамыз. Себебі, түсінбей қалған жағдайда мұғаліммен тікелей байланысқа шығу қиынырақ. Біздің жазған хабарламамызды мұғалім кеш оқуы мүмкін. Бұл қиындық оқушылардың әрқайсысымен жеке жұмыс жасау қажеттілігінен де орын алуы мүмкін. Қазір сабақ барысында тоқсандық қорытынды бақылау жұмыстарын Bilimland қосымшасын пайдалану арқылы тапсырып жатырмыз. Қолдануға ыңғайлы және барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Жаңа тақырып бойынша қажетті материалдарды да осы сайттан тауып жүрміз. 

Абубакирова Арайлым, Нұр-Сұлтан қаласындағы 8 орта мектептің 11-сынып оқушысы:

Менің ойымша қашықтан оқытудың пайдасы - оқушыларға білім беру жолдары жаңа технологиялардың көмегімен түрлі тәсілдер арқылы толығады. Сабақ бойынша дәрістер тыңдап, бейнесабақтарды көріп, сан алуан тапсырмаларды орындау мүмкіндігін ұсынады. Тек бітіруші түлек ретінде соңғы қоңырауды соғып, алтын ұя мектебімізбен қоштаса алмайтынымыз өкінішті. Оның үстіне ҰБТ-ны қалай тапсыратынымыз туралы да әлі нақты түсінік жоқ. Дегенмен, мұның барлығы қауіпсіздік үшін жасалып жатқан шаралар екенін де түсінеміз. Барлық оқушылар мен бітіруші түлектерге тек сәттілік тілеймін!

Төтенше жағдай режиміне қарамастан, жоспарлы түрде 2500-ге жуық бейнесабақтар түсірілді, еліміздің білікті мамандары ат салыса отырып, төртінші тоқсанның оқу бағдарламасын әзірлеп шығарды. Қиын жағдайдағы қарастырылған шешім білім беру саласындағы жаңашылдыққа алып келді. Аз ғана уақыт ішінде ұйымдастырылған қашықтан оқыту жүйесі кемшіліксіз жүзеге асты дей алмаймыз. Бірақ, қорытынды көрсеткіштер мен жетістіктер күтілген нәтижеден жоғары болғаны анық. Бұл - білім саласындағы мамандар мен ұлағатты ұстаздарымыздың орасан зор еңбегінің жемісі. Алдағы уақытта да онлайн оқытудың озық үлгісін ұйымдастырып, еліміздің білім беру жүйесінде толағай табыстарға жетеміз деген сенімдеміз.