Жанашыр ұстаз Мария Бедринаға ерекше құрмет көрсетілді

Жанашыр ұстаз Мария Бедринаға ерекше құрмет көрсетілді

Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрлігінде өткен салтанатты жиында жуырда болған ақтүтек боранда ерекше ерлік көрсеткен ұстаз Мария Бедринаға ерекше құрмет көрсетілді. ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ұстаздың кеудесіне «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін тақты.Естеріңізге сала кетсек, Мария Бедрина боранда қар құрсауында қалған автоколоннаға жол көрсету үшін төрт шақырымдай жаяу жүріп, адасып қалған азаматтарды қауіпсіз жерге апарған болатын.Мерекелік шара аясында саланың дамуына үлес қосып жүрген ведомство мамандары назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, министрліктің бес қызметкеріне «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табыс етілді. Жұлдыз Сүлейменова өз сөзінде еліміздегі оң өзгерістер мен Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан білім саласындағы іргелі реформаларға тоқталып, ұжымды Наурыз мерекесімен құттықтады.«Наурыз - күн мен түн теңеліп, табиғат түлейтін, шығыс халықтарының жаңару мерекесі. Елімізде көктем мерекесі қарсаңында Конституциямыз жаңарып, бұл тарихи қадам әз Наурызға ұласып жатыр. Осыдан жеті жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған іргелі реформалардың игілігін бүгінде ұстаздар қауымы мен осы саланың жұмысын үйлестіріп жүрген білім саласының мамандары анық көріп, қуанудамыз. Сіздердің еңбектеріңіз ұрпақ тәрбиесіне тікелей қатысты әрі ел болашағын айқындайды. Осынау көктем мерекесінде баршаңызға алғыс айта отырып, еңбектеріңізге жеміс тілеймін», - деді сала министрі.Жиын соңында министрлік қызметкерлері өздері дайындаған мерекелік бағдарламаны ұсынып, өнерлерін ортаға салды.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ