ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақстандық ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақстандық ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады
Құрметті Ұстаздар! Қадірлі әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекеміз — Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаз — мамандық иесі ғана емес, ол өскелең ұрпақтың рухани бағбаны, болашақтың негізін қалаушы ұлт келбеті. Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұстазды құрметпен төрге шығарған. «Ұстаз — ұлық емес, ұлы қызмет» деп батыр Бауыржан Момышұлы бағалағандай, мемлекеттің ертеңгі тағдырына жауапты ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздарға артылған аманаттың жүгі салмақты. Себебі, әрбір шәкірттің жүрегіне білімнің шамшырағын жағатын — Ұстаз. Бүгінде оқу-ағарту жүйесінде 600 мыңға жуық педагог еңбек етуде. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында педагог мамандығының беделін арттыру бойынша орасан зор шаралар жүзеге асырылды. Оның алғашқысы да, маңыздысы — мұғалім қауымы көптен күткен «Педагог мәртебесі» туралы заңның қабылданғанына да биыл 5 жыл. Осы уақыт аралығында мұғалімдердің айлығы екі есеге көтерілді, олар қағазбастылықтан, артық жүктемеден, өз міндетіне жатпайтын жұмыстан босатылды, жаңа ынталандырулар белгіленіп, мүмкіндіктерге жол ашылды. Балабақша тәрбиешілері мен колледждерге өндірістен тартылған оқытушылардың жалақысы артуда. Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымының, материалдық-техникалық базасының жоғарғы талаптарға сәйкес жақсаруы мен жабдықталуына бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мемлекет тарапынан білім саласына соңғы жылдарда көрсетілген қамқорлықтың айқын мысалы бола алады. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де күшейтіліп, жалғасуда. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин «Мұғалім — мектептің жүрегі» деп бекер айтпаған. Мектептің, баланың болашағы сіздердің қолдарыңызда, құрметті Ұстаздар! Сіздердің еңбектеріңіз — еліміздің жарқын әрі бақытты болашағының негізі. Біз халқымыздың дәстүрлері мен құндылықтарына құрметпен қарап, қадірлейтін саналы ұрпақ қалыптастыруға бар жан-тәнімізді саламыз. Себебі, біз әрісі — Әл-Фараби, Абай, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы секілді көрнекті ойшылдардың, берісі — К.Нұрғалиев, К.Айтқалиев, К.Бітібаева, Р.Нұртазина, М.Тасова секілді елдің құрметіне бөленген қайраткерлердің, Аягүл Миразова, Алина Соловьева, Алма Шүкіжанова іспетті Еңбек ерлерінің жолын лайықты жалғастыруымыз керек. Құрметті ұстаздар! Құрметті әріптестер! Сіздерді төл мерекемізбен құттықтаймын!Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің арқаларыңызда оқушыларымыз түрлі халықаралық білім додаларында көк байрағымызды жеңіс тұғырынан желбіретіп келеді. Еліміздің өскелең ұрпағының зияткерлік әлеуетіне күллі әлем жоғары баға берді. Тек осы жылдың өзінде біздің оқушыларымыз 58 алтын медаль жеңіп алып, робототехникадан әлемнің үш дүркін, химиядан екі дүркін чемпионы атанды.Сіздердің дендеріңізге саулық, сарқылмас қуат, қызметте табысты болып, абырой биігінен көрінулеріңізді тілеймін!https://www.facebook.com/share/v/pAMGbwzZLD4Gv61G/?mibextid=WC7FNe
Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ