https://www.facebook.com/askhat.aimagambetov/posts/pfbid02EmwxBaVzt33LoCsKbqN5orFpgyDDtnhZf7F8hwNDro3RZiFHtd2ASrBPP6hrJiWUl
Қазақстанда 7 мыңға жуық дебат клубы жұмыс істейді және ол үйірмелерге 123 мыңнан астам оқушы қатысады - Асхат Аймағамбетов еліміздегі дебат қозғалысын қолдау шаралары туралы айтып, өз тәжірибесі бойынша кеңестермен бөлісті
515
0
0
04.01.2023
Жақында ғана оқушылар арасында Республикалық дебат турнирін өткіздік.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде өзімнің де студенттік жылдары пікірсайыстарға қатысқаным көз алдыма келді.
Сол жылдары дебат қозғалысы өте белсенді дамыды. Әр университет пен көптеген мектепте дебат клубтары болды. Мектептерде дебаттар көбіне Карл Поппер форматы бойынша жүргізілсе, университеттерде америкалық парламент форматы басым болды.
Ең алғашқы пікірсайыс турниріме қатысқанымда университетте екінші курста оқитынмын. Бірге оқитын курстасым дебаттағы серіктесінің орнына шығуды өтінген еді. Кейін жарты жылдан кейін біз факультеттің, біршама уақыттан кейін университеттің, қаланың, облыстың чемпионы атандық. Одан кейін Ұлттық дебат турнирі өтті.
Дебат көптеген маңызды құзыретті үйрететінін өз тәжірибемнен білемін. Пікірталастар – бұл білім беру технологиясы. Дебатқа дайындалған кезде сен кез келген проблемаға өзіңе ыңғайлы және үйреншікті қырынан ғана емес, сонымен қатар жүйелі түрде қарап, мәселені әр түрлі жағынан талдауға және зерттеуге үйренесің. Сондай-ақ алдын ала әртүрлі пікірлер мен дәлелдерді зерттеп, оң және теріс жақтарын көруге үйренесің.
Сонымен қоса пікірталастағы жетістік отбасының әлеуметтік жағдайына, туған жеріне және т.б. байланысты емес. Ең бастысы – дүниетаным, мінез, еңбекқорлық, өз ұстанымын дәлелдермен қорғауға деген ұмтылыс пен қабілет. Ал ол үшін көбірек кітап оқу, танымдық бағдарламаларды көру, коммуникативті дағдыларды, сыни ойлауды, дәлелдеу машығын дамыту, үнемі өзіңізбен жұмыс істеу керек.
Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларының шеңберінде, соңғы 3 жыл бойы оқушылар мен студенттер арасында «Оқуға кұштар мектеп» жобасын, өзін-өзі басқару және дебат қозғалыстарын жүйелі түрде дамытып келеді.
Біз жаңа дебат үйірмелері мен клубтарын ашып, жұмыс істеп тұрғандарын дамытып жатырмыз. Бүгінгі таңда мұндай үйірмелер саны 7 мыңға жуықтап қалды. Ол үйірмелерге 123 мыңнан астам бала барады.
Дебатшыларды қолдау үшін түрлі тренингтер, курстар, вебинарлар, турнирлер өткізіледі, ал ірі турнирлердің жеңімпаздарына жергілікті жоғары оқу орындарына гранттар бөлінеді. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша пікірсайыс турнирлерінің 12 жеңімпазы қазақстандық жоғары оқу орындарында оқу үшін білім грантына ие болғанын еске сала кетейін. Сондай-ақ турнирлерге қатысқаны үшін оқушылар мақтау қағаздарымен, кубоктармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Дебат қозғалысына қолдау көрсетуді және пікірсайыс турнирлерін өткізуді жалғастыра береміз. Біз барлық қажетті ақпарат, командалардың рейтингілері, дебат турнирлерінің кестесі, форматтары және дебатқа қажетті дүниенің бәрі болатын арнайы портал әзірлеп жатырмыз.
Болашақта тұлға ретінде қалыптасуы үшін білім ғана емес, сонымен қатар оны пайдалана білу қабілеті, функционалдық сауаттылық маңызды екені бәріне мәлім.
Дебат - тек зияткерлік ғана емес, ол маңызды білім беру технологиясы. Оқушылар бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, өздерінің әлеуметтік байланыстары мен өзара сенімдерін нығайтады.
Келесі жылы республикалық дебат турнирі ақпанда өтеді. Оған дейін қаңтар айынан бастап әр мектепте іріктеу турнирлері өтеді. Одан кейін жеңімпаздар аудан, қала, облыс деңгейінде бақ сынаса, үздіктер республикалық турнирге қатысады. Барлық оқушыны дебат жарыстарына белсенді қатысуға шақырамын.
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ