Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде білім саласындағы үздік мамандарды, яғни нағыз көшбасшыларды іріктеу жобасы жүзеге асырылып жатқанына тоқталды

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде білім саласындағы үздік мамандарды, яғни нағыз көшбасшыларды іріктеу жобасы жүзеге асырылып жатқанына тоқталды
Қазірдің өзінде аталған жобаға қатысқан 134 педагог мектеп директоры болып тағайындалған. Бұдан бөлек, Президент білім сапасын арттыру, балаларды үйлесімді және жан-жақты дамыту үшін мемлекет тарапынан қолға алынған жүйелі шараларға назар аударды. – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында келесі жылы 460 мыңнан астам балаға арналған 217 жаңа мектеп салу жоспарланған. Олар заманауи талаптарға сай жабдықталған озық білім ошағы болады. Мектептерде ерекше қажеттіліктері бар балалардың кедергісіз білім алуына қолайлы жағдай жасалады. Аталған ауқымды жоба үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге, қала мен ауыл мектептеріндегі білім алшақтығын азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, елімізде жыл сайын кемінде мың мектептің ғимаратына жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Білім беру процесін цифрландыруға баса назар аударылады. Барлық мектепті жылдамдығы жоғары интернетке қосу бойынша кешенді жұмыс қолға алынады. Қосымша білім беруге ерекше мән беріледі. Оның аясында үш миллионнан аса адамды қамту жоспарланып отыр. Биыл отандық мектептердің оқушылары халықаралық олимпиадалардан 360-тан астам медаль жеңіп алды. Бұл – ұстаздарымыздың жанкешті еңбегі мен кәсібилігінің жемісі, – деді Мемлекет басшысы. Akorda.kz
Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ