Қалдарбековтер әулеті: төрт буынға жалғасқан ұстаздық жол

Қалдарбековтер әулеті: төрт буынға жалғасқан ұстаздық жол

Ұстаздар күні қарсаңында педагог мамандығын отбасылық дәстүрге айналдырып, оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келе жатқан әулеттерді таныстыруды жалғастырамыз. Бүгінгі кейіпкерлеріміз - төрт буыны білім саласында еңбек еткен Қалдарбековтер әулеті.Әулеттегі ұстаздық жол Қалдарбеков Сексембай Ерсейітұлынан бастау алады. Ол Қаратал ауданында ұзақ жылдар бойы ұстаздық және басшылық қызмет атқарып, кейінгі ұрпаққа өнеге болар жол қалыптастырды.Бұл жолды Қалдарбеков Қуаныш Сексембайұлы мен Заманбекқызы Айман жалғастырды. География және химия-биология пәндерінің мұғалімдері Қаратал ауданындағы Жамбыл орта мектебінде 40 жылдан астам еңбек етіп, сан шәкіртке білім мен тәрбие берді.Ұстаздық дәстүрді олардың балалары Қалдарбеков Бейбіт Қуанышұлы мен Сақбаева Айнаш Ғисақызы жалғастырып келеді. Бүгінде екеуі де Жамбыл орта мектебінде 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп, өскелең ұрпаққа білім беруде.Әулеттің кейінгі буыны да білім саласын таңдаған. Қуанышова Арайлым Бейбітқызы Алматы қаласының Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Оның жұбайы Асанәлі Әділжанұлы да осы гимназияда ұстаздық қызмет атқарып, әдебиеттану мамандығы бойынша докторантурада білім алуда.Ал Қуанышева Алуа Бейбітқызы Талдықорған сервис және технология колледжінде әдіскер әрі оқытушы болып еңбек етеді.Бүгінде Қалдарбековтер әулетінің бірнеше буын өкілі білім саласында еңбек етіп келеді. Ұстаздықты өмірлік мұратқа айналдырған бұл отбасының тарихы - мамандыққа адалдық пен ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ