«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханаларына 2,5 миллионға жуық көркем әдебиет сатып алынды
1009
0
0
26.10.2021
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханаларына 2,5 миллионға жуық көркем әдебиет сатып алынды. Кітаптардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Павлодар облыстарында сатып алынды. Бұл туралы бүгін аппараттық кеңесте республикалық ғылыми-практикалық білім беру мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрланов мәлімдеді.
Ол кітапхана қорының басым бөлігі мемлекеттік тілдегі әдебиеттермен толықтырылғанын атап өтті.
«Өткен жылмен салыстырғанда негізгі қор 2,5 миллион кітапқа артты. Нәтижесінде жас оқырмандардың саны айтарлықтай өсті. Жобаны іске асыру кезеңінде мектеп оқушыларының кітапханаға деген қызығушылығы арта түсті. Осы оқу жылының басынан бастап Түркістан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында бір оқушы кітапханаға орта есеппен 10 реттен астам, ал Алматы, Шымкент қалаларында, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау және басқа да облыстарда 6-9 рет барған. Бұл балалардың көркем әдебиетке көбірек қызығушылық таныта бастағанын көрсетеді», – деді республикалық ғылыми-практикалық білім беру мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрланов.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері мектеп кітапханалары мен ондағы орындар саны да көбейді. Мектептерде балалардың кітап оқуы үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Осы мақсатта жалпы республика бойынша 121 коворкинг-орталығы ашылды. Балалардың оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін 3,7 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтіп, оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыру бойынша кешенді жұмысты жалғастыруды тапсырды.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Біз қойылған міндетті орындап жатырмыз, қазірдің өзінде оң нәтижелер бар деп айтуға болады. Жоба іске асырылғаннан бастап мектеп кітапханаларында көркем әдебиет саны айтарлықтай өсті, оның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Егер бұған дейін қазақ тіліндегі әдебиеттер аз болса, қазір кітап қорының басым бөлігін мемлекеттік тілдегі әдебиеттер толықтырды. Сонымен қатар тек қазақстандық авторлардың ғана емес, әлемдік әдебиет туындылары да бар. «Оқуға құштар мектеп» – өте маңызды жоба, сондықтан бұл жұмысты жалғастыру қажет», – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ