Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қарағанды облысындағы «Литер» республикалық газетінің меншікті тілшісі Самал Ахметоваға білім беру қызметкерлерінің беделін қалыптасыруда қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Журналист Қарағанды облысындағы №61 орта мектебінің мұғалімі Дидар Төрегелдина туралы мақала жазған. Оның айтуынша, 30 жылдан астам уақытын сүйікті ісіне арнаған педагогтің шәкірттеріне деген сүйіспеншілігі ерекше тәнті еткен. «Елімізде Дидар Төрегелдина сынды жоғары моральдық құндылықтарға ие педагогтердің бары қуантады. Қарапайым және өз ісіне адал», – деді журналист.Ғани Бейсембаев мұғалімдерді қолдағаны үшін «Литер» газетінің тілшісіне алғыс білдіріп, мақаланы оқығаннан кейін педагогпен жеке кездескенін айтты. «Мұғалім – ең маңызды, жауапты, сонымен қатар қиын мамандықтардың бірі. Ұстаздың игілікті еңбегі еліміздің болашағының қалыптасуына тікелей әсер етеді. Алдағы уақытта да ұстаздарымызға қолдау көрсетіп, жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасайтын боламыз. Білім беру жүйесін дамытуға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосып жүрген осындай ұстаздар туралы қоғамда көбірек айтылғаны дұрыс», – деді министр. Еске салайық, Қазақстанда 350 мың педагог еңбек етуде. Соңғы төрт жылда Мемлекет басшысының қолдауының арқасында олардың еңбекақысы 2 есеге өсті. Сондай-ақ осы жылдың қыркүйегінен бастап балабақша тәрбиешілерінің де жалақысы 30%–ға артты.
ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ ПЕДАГОГ БЕДЕЛІН АРТТЫРУҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ҮШІН АЙМАҚТАҒЫ ЖУРНАЛИСТКЕ АЛҒЫС БІЛДІРДІ
290
0
0
13.09.2023
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ