Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында елімізде балалардың жан-жақты дамуына, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және қосымша білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде Астанада «TANYM ART» көпфункционалды оқушылар сарайы ашылды. Жаңа кешеннің ашылу рәсіміне Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты.Жаңа оқушылар сарайы заманауи жабдықтармен және балалардың қабілеттерін дамытуға арналған арнайы кеңістіктермен қамтамасыз етілген. Мұнда робототехника, STEM-технологиялар, ғылыми-техникалық шығармашылық, би, өнер және басқа да бағыттар бойынша түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Сондай-ақ екі бассейн, спорт және концерт залдары, арнайы оқу кабинеттері мен шығармашылық кеңістіктер қарастырылған.Орталықта инклюзивті білім беру қағидаттарына ерекше назар аударылған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың үйірмелерге қатысуына, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуына қолайлы жағдай жасалған.Ашылу рәсімі барысында министр кешеннің материалдық-техникалық базасымен танысып, балалармен жүздесті. Олардың қызығушылықтары, шығармашылық ізденістері мен болашақ жоспарлары туралы әңгімелесті.«TANYM ART» оқушылар сарайы елордадағы қосымша білім беру мүмкіндіктерін кеңейтіп, балалардың ғылыммен, өнермен және спортпен айналысуына, жаңа дағдыларды меңгеріп, өз таланттарын дамытуына жағдай жасайды.
Оқу-ағарту министрі Астанада жаңа «TANYM ART» оқушылар сарайының ашылуына қатысты
2
0
0
21.10.2026
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ