Ғылыми-педагогикалық сараптама саласындағы сарапшылар базасына үміткерлерді қабылдау басталды
119
0
0
13.12.2024
Республикалық ғылыми-тәжірибелік білім мазмұнын сараптау орталығы 17-30 желтоқсан аралығында оқу бағдарламалары, оқулықтар және оқу-әдістемелік кешендерді сараптау үшін мамандарды іріктеу конкурсын жариялайды. Қатысуға педагог-зерттеуші немесе одан жоғары біліктілігі бар кандидаттар шақырылады.
Мақсаты — білім беру саласында оқу материалдарының сапасын бағалау және талдау үшін кәсіби мамандарды тарту.
Сарапшылар базасына қабылдану үшін қажетті іс-шаралар:
• E-EXPERT.GOV.KZ порталы арқылы қажетті құжаттар мен өтінішті тапсыру;
• Тестілеу — кәсіби құзыреттерді тексеру кезеңдері;
• Сұхбат — кәсіби тәжірибені, мотивациямен білім беру процесін түсінуді анықтау үшін жеке әңгімелесу;
• Эссе жазу — ойды нақты әрі дәйекті түрде білдіру және өз пікірін дұрыс дәлелдеу дағдыларын көрсету.
Барлық кезеңдерден сәтті өткен үміткерлер оқудан өтеді. Курстардың ұзақтығы 360 сағатты құрайды. Бағдарлама оқу материалдарының сапасын бағалауға қатысты құзыреттерді дамытуға бағытталған. Оқу барысында үміткерлер сараптамалық шешім әзірлеу бойынша теориялық білім мен практикалық дағдыларды меңгереді.
Оқуды аяқтағаннан кейін қатысушылар 5 жыл мерзімге жарамды сертификат алады. Сондай-ақ, қатысушылар білім беру материалдарын сараптауға әрі бағалауға белсене қатысып, кәсіби біліктілігін арттырады және мансаптық мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Өтінім беру үшін E-EXPERT.GOV.KZ сайтынан толық мәлімет алуға болады.
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ