Ұлыбританияның білім жүйесі мен оқытушылары несімен ерекшеленеді?

Ұлыбританияның білім жүйесі мен оқытушылары несімен ерекшеленеді?

Сіз теңіз асып, шетелде оқып, білім алып келгіңіз келе ме? Қазіргі уақытта әрбір үшінші адам түрлі мәдениеттер тоғысқан әлемді тануға, сапалы білім алуға құштар екені рас. Мұндай мүмкіндікті беретін бағдарламалар мен байқаулар да көбейді қазір. Осы орайда, шетелдік білім отандық білім жүйесінен несімен ерекшеленеді, ондағы мұғалімдердің оқыту методикалары қандай және өзге елде білім алу адамның дамуына қалай әсер етеді? Осы және өзге де сұрақтарды «Болашақ» халықаралық стипендиясының 2013 жылғы cтипендиаты Балпанова Назым Әділетқызына қойып көрдік.

Қай жерде, қандай мамандық бойынша білім алдыңыз?

– 2013 жылы магистратура дәрежесін алу бойынша «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанған болатынмын. Алғашқы жарты жылды Англияның Лондон қаласында тіл курстарын оқысам, кейін Шотландияда орналасқан Глазгоу (Glasgow) университетінде «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша негізгі оқуымды жалғастырдым.

Ұлыбританияның білім жүйесін таңдауыңызға не себеп?

– Жоғары білімді Ұлыбританияда алуды қалауымның басты себебі – бұл елдің озық білім беру жүйесі. Сондай-ақ, Ұлыбританияда оқу бала кездегі арманым болатын. «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша ЖОО таңдау кезінде ТОП үздік рейтингке кіретін университеттер арасында Ұлыбритания бірден назарыма ілікті.

Ұлыбританияның білім жүйесі несімен ерекшеленеді, артықшылықтары қандай?

– Шетелдік оқытушылардың, жалпы мұндағы білім жүйесінің негізгі ерекшелігі – студентке еркіндік берілуі. Яғни студент талап етілген материалдарды оқымаса, қарастырмаса емтиханды тапсыра алмайтынын түсінуі керек. Демек материалдарды оқудың маңыздылығын түсіну арқылы студенттің жауапкершілігі артады.

Мәселен, оқу жылы барысында, мен өз диссертация жетекшіммен тек екі рет кездестім. Қайта хат жазғанымда ол маған екі рет кездескенімізді айтып: «Қоятын сұрақтарыңды сол кезде қоюың керек еді, Назым» деп бірден кескен болатын.

Әрине, бізде студенттердің диссертация, дипломдық жетекшілерімен кездесіп, сұрақтарды талқылауы әлдеқайда жеңіл процесс. Алайда, мұндай позиция студенттің өз бетімен әрекет етуі мен ізденісін, жауапкершілігін бірінші негізгі орынға қою деген сөз.

Шетелде білім алғысы келетін Қазақстан жастары нендей жағдайларды ескеруі керек?

– Ең алдымен, бұл үлкен жауапкершілік. Мамандық пен университетті таңдағанда өте мұқият болу керек. Көп студенттер әйтеуір бір университетте мамандық алып шықсам деп ойлауы мүмкін. Сондықтан қай университетте оқыған жөн, оның білім базасы – барлығын егжей-тегжейлі қарап, зерттеп, рейтингтерді саралап, уәждемелік хат (Motivation letter), ұсыныс хат (Recomendation letter) барлығын сауатты жазу керек. Яғни дайындыққа тиянақты түрде көңіл бөлу қажет.

Университетте білім берудің практикалық және теориялық жолдары қандай болды?

– Теория мен практика қатар жүрді деп айтуға болады. Жыл басында студенттерге силлабус беріледі және сол силлабус бойынша өтетін пәннің жоспарымен бірге міндетті, ұсынылған, пайдалы әдебиет көздері, материалдар тізімі көрсетіледі. Практикада студенттер оқытушымен бірге берілген тақырыптарды талқылап, пікір алысады. Соның ішінде шетелдік оқыту жүйесінде Case study әдісінің кең таралғанын атап өткен жөн.

Case study оқыту жүйесі туралы толығырақ айтып берсеңіз

– Бұл әдіс батыс елдеріндегі университеттерде кеңінен қолданылады. A4 форматындағы парақшаға шамамен алты-жеті Case-тер, жағдайлар беріледі, студенттерді топқа бөліп, тақырыптарды, мәселелерді тараптар бойынша ойын түрінде өткізеді. Мәселен, «Қақтығыстар» атты пәнде Никарагуа мен АҚШ арасындағы қақтығыс мәселесі бойынша (сол уақытта сот процесінде қарастарылып жатқан халықаралық саяси проблема) екі тарапқа сот және екі ел өкілдері ретінде интерактив ұйымдастырып Case-терді шешкен болатынбыз.

Шетелдік оқытушылардың отандық мұғалімдер мен педагогтардан айырмашылығы бар ма?

– Әрине, біздің де отандық оқытушылар мен мұғалімдердің ерен еңбегін атап өткен дұрыс болар. Себебі осы адамдардың арқасында шетелде білім алып келетіндей деңгейге жетіп отырмыз. Десе де, шетелдік педагогтардың (менің жағдайымда Ұлыбританиялық) бір ерекшелігін атап өтуге болады. Университет, мемлекет оқытушылардың тәжірибе алмасуына, семинар, тренингтерге қатысуына, біліктіліктерін арттыруына өте үлкен қолдау көрсетеді. Мәселен, менің профессорым магистратурасын Нью-Йоркта бітірген, сондай-ақ, Германияда да білім алған. Одан бөлек, ICRC "Қызыл крест" ұйымында көп жылдар бойы жұмыс істеген және әлі де өз кеңестерін беріп қызметтес болып жүрген адам. Яғни шетелдік мамандардың көпшілігі практикадан ажырамайды.

Шетелде тегін әрі сапалы білім алудың қандай тиімді жолдары бар?

– Шетелде тегін әрі сапалы білім алудың жолдары көп деп есептеймін. Солардың бірі, «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы, Erasmus mundus, Fullbright және т.б. стипендиялар. Сондай-ақ, шетелде оқығысы келетін абитуриенттерге neupusti.kz пайдалы ресурсын әрдайым қарап жүруге кеңес беремін, себебі онда түрлі тиімді стипендиялық байқаулар жарияланып тұрады.

Өзге елде білім алу адамды қандай бағытта өсуіне, жетілуіне әсер етеді?

– Әрине, адам отанынан, үйінен жырақта жүргенде ең біріншіден өз-өзіне деген жауапкершілікті сезіне бастайды. Оқуың, тамағың, киімің – барлығы өз мойныңда болғандықтан барлық нәрсеге үлкен жауапкершілікпен қарай бастайсың.

Шетелдік студенттермен араласқандықтан, мәдениетаралық байланыстың нәтижесінде адамның дүниетанымы, ой-өрісі кеңейеді. Бір байқағаным, шетелде құлшынысы мықты, мақсаттарын жоспарлы түрде жүзеге асыратын жастар көп. Мәселен, менімен бір мамандықта оқыған қыздың айтуынша, ол мақсатын алдын ала жоспарлап қойған: «Магистратураны бітірген соң, бірден доктарантураға тапсырамын, оны үш жылдан кейін аяқтаймын. Содан кейін профессор атағын аламын. Содан соң нақты бір ұйымда қызмет ететін боламын» дейді. Демек бұл қыз қойған мақсатына қарай нық қадамдар жасайды және өз әрекетеріне сенімді. Осындай адамдармен, студенттермен араласу арқылы өзің де биікке талпынасың, өз кезегінде олардан да мотивация аласың.

 

Сұхбатыңызға рақмет, алдағы уақытта тек биіктерден көрініңіз!

 

Сұхбаттасқан Назерке Муса