2018 жылдың екінші жартысында BILIM MEDIA GROUP компаниясы Bilimland Kids атты су жаңа жобаны әзірлеуді қолға алды. BilimLand Kids бұл – қазақ тілді балаларға арналған анимациялық әндер жинағы. YouTube желісіне тарап, балаларды әнімен еліктіріп, қызығушылығын оятып жүрген бұл қазақ тілді жоба жайлы кеңірек білу үшін осы жобаның менеджері Шардарбеков Назымбектен сұхбат алған едік.
1. Сәлеметсіз бе, Назымбек! Bilimland Kids секілді ауқымды жобаны қолға алып, үлкен жұмыс атқарып жатыр екенсіз. Бүгінде бұл жобаңыз YouTube желісі арқылы таралып, өз көрермендерімен қауышуда. Жоба жайлы толық мағлұмат беріп өтсеңіз. Жалпы Bilimland Kids қандай жоба? Бұл жобаны қолға алудағы мақсатыңыз қандай?
Сәлем достар! Кез келген адам жаңа істі бастамас бұрын алдымен жоспар құрып, мақсатын айқындап алады. Ой елегінен өткізіп, қоғамға келтірер пайдасын іздестіреді. Біздің бұл жобамыз да осындай ізгі мақсат-мүдделерді көздеп отыр. Bilimland Kids жобасын жүзеге асырып отырған Қазақстандағы электронды оқыту нарығын дамытып отырған инновациялық BILIM MEDIA GROUP компаниясы. Бұл компания үздіктердің үздігі деп айтсам артық емес, себебі халықпен мойындалған, Қазақстан бойынша ешбір баламасы жоқ компания. Негізгі мақсаты сапалы білімді баршаға қолжетімді ету. Компания тарихы 2011 жылдан бастау алады. Бұған дейін компаниямыз тек мектеп бағдарламасына негізделген электронды білім берумен айналысып келді. Осы жылдың шілде айында ғана осы уақытқа дейін болмаған балабақша жасындағы бүлдіршіндерімізге арналған тегін контент әзірлеуді бастадық. Bilimland Kids жобасы балаларға арналған. Жоба қазақ тілін көңілді әндер мен сүйкімді кейіпкерлер арқылы оңай меңгертуді көздейді. Мұндағы мақсат, көпұлтты мемлекетімізде өсіп келе жатқан бүлдіршіндерге қазақ тілін үйрету. Осы жерде қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай атамыздың “Ұлттық рухтың негiзi – ұлттық тiл” деген жақсы сөзі есіме түсіп отыр!
2. Жобаны жасау идеясы қайдан келді, кімнің идеясы?
Жоғарыда айтып кеткенімдей, жобаны қолға алу туралы идея осы жылдың басында келді. Қазіргі уақытта ғаламтор желісі арқылы тарап жатқан кішкентай балаларға арналған оқыту материалдары көп, бірақ көпшілігі ағылшын немесе орыс тілдерінде. Қазақ тіліндегі және біздің менталитетке сай келетін контент жоқтың қасы. Сондай-ақ тағы бір үлкен проблема YouTube желісінде толып жүрген видеолардың оқыту сипаты бар ма, балалардың психологиясына оң әсерін тигізеді ма? Бұл басты мәселенің бірі. Ғаламторға жүктеген видеолардың қаралымын көбейту мақсатында мағынасы жоқ видеоға әйгілі мультфильм кейіпкерлерін қосу, оларды сан түрлі қанық түсті көркемдеу арқылы бала денсаулығына және психологиясына кері әсер ететін видеолар топтамасы да көбейді. Осындай қауіпті видеолар толқыны ElsaGate деген атқа ие болды. Міне қысқаша айтқанда жобамыздың мақсаты балаға қазақ тілін үйренуге көмек жасау, сондай-ақ ғаламтор арқылы тарайтын зиянды, денсаулыққа қауіп төндіретін видеолардан балаларымызды қорғау.
3. Мультфильмдерді кімдер жасайды? Бір мультфильмді әзірлеуге қанша уақыт, күш қажет?
Біздің командада өзімді қосып санағанда сегіз адам бар. Ең бірінші Айдана есімді қазақ редакторымен бірігіп баланың қабылдауына жеңіл болады-ау деген сөздер мен сандарды алдын-ала белгілеп аламыз, содан кейін әннің өлең шумақтарын жазамыз. Өлеңнің ырғағы мен буын санын әуенге сай келтіреміз. Әннің сөзі мен сюжеті дайын болған кезде, біздің талантты досымыз Кабиев Ильяс әннің аранжировкасын жасауға көшеді. Әннің аранжировакасы жасалып жатқан кезде командамыздың Ташенова Карина, Мұхамедов Дамир және Нұрсаитов Еркін деген мықты суретшілері әннің кейіпкерлерінің нобайын яғни эскизін әзірлей бастайды. Жасалған кейіпкерлердің стильдік түрін бірге талқылап, ең сүйкімді нұсқаны бекітіп, қосымша суреттерді қабылданған стильде жасаймыз. Суреттердің барлығы дайын болған кезде, әннің аранжировкасы да дайын болады. BMG компаниясының студиясында дайын болған аранжировканың дауысын жаздыруға Жусупова Жанель атты керемет вокалист көмектеседі. Айта кетерлік қызық жай, Жанель мен Ильяс әйгілі Қазақстандық Far-In-Gate рок тобының мүшелері. Кейін, Жанельдің жазылған дауысы Ильясқа өңдеуге беріледі, ол музыканың мастерингіне жауапты. Ильяс жазған әуен мен суретшілеріміз салған суреттер біздің анимацияның хас шебері Джаныбеков Темірбекке беріледі. Кейіпкерлердің тірі жан сияқты қимылдап, іс-әрекетке түсуі көп уақыт пен зор ынтаны талап етеді. Ең соңғы қадам, біздің YouTube желісіндегі Bilimland Kids арнамызға жүктеу. Атқарылатын осы жұмыстардың барлығын қосқанда бір бейнебаянды басынан аяғына дейін жасап шығу үшін 8 күндей уақыт кетеді екен.
4. Мультфильм тақырыптары мен кейіпкерлерін қайдан аласыздар?
Мультфильм баланың санасына тез сіңетіндей, өзіне таныс жеңіл сөздерге немесе жағдайларға негізделіп жасалады. Ал кейіпкерлер сол әннің сценарийіне байланысты жасалады. Мысалы, “Күшіктер санамағы” деген видеода иттердің түрлі тұқымдарын алып, санамақ жасадық. Кішкентай балалардың күшікті жақсы көретінін және асырап алуға құмар болатынын бәріміз білеміз. Сол себепті итті басты кейіпкер ретінде алдық. Әр ит белгілі бір санға бекітілген, бала иттердің түрі ауысқан кезде санның да өзгергенін көреді, осылайша сандардың әртүрлі дыбысталатынын және әртүрлі сандармен жазылатынын түсінеді.
5. Балақайларға осы мультфильмдер қандай пайдасын тигізеді?
Біздің жасап жатқан жұмысымыздың барлығы балаларға білімді жеңіл жеткізуге бағытталған. Мысалы, «Бес балапан», «Сүйкімді Күшіктер санамағы» және жақында жарық көретін «Құмырсқалар» мультфильмі балаларға санауды үйретеді. Жан-жануарлармен «Қарт МакДональд атаның фермасынан» танысуға болады. Сан алуан түстерді, пішіндерді, ай атауларын және апта күндерінің атауларын, көңіл күйдің түрлерін біздің арнамыздан көрулеріңізге болады.
6. Бұл мультфильмдерді қай жерден көре аламыз? Ақылы ма?
Біздің көңілді әндерді YouTube желісіндегі Bilimland Kids арнамыздан ақысыз, қайталаймын, бір тиін төлемей көре аласыздар! Тек жаңа видеоларды жіберіп алмау үшін арнамызға жазылып, «лайк» басып отырсаңыздар болғаны! Сондай-ақ қызықты оқиғаларды біздің @Bilimland_Kids Instagram желісінен де көре аласыздар!
7. Көрермендердің пікірлері қандай? Алдағы жоспарларыңыз қандай? Әлі жалғасын табады ма? Жаңа кейіпкерлермен қосылады ма?
Көрермендеріміз өте жылы қабылдады, пікірлері де көңіл қуантарлықтай. Барлығы бейнебаяндарымыздың ұнағаны жайлы жазып жатыр. Бірақ сын да жоқ емес, көбінесе бейнебаяндардағы торай кейіпкерді алып тастау жайлы ұсыныстар келіп түсіп жатыр, Торай біздің болмысымызға тән емес деген пікірлер бар. Дегенмен, торайдың бала санасына тигізер кері әсері жоқ деп ойлаймын. Баяғы заманнан бері көріп келе жатқан мультфильмдердің барлығында торай бауырмал, ақкөңіл, қамқор болып суреттеледі. Тіпті осы торайымыз жыл мезгілдерінің ішіне кірген жануар. Келе жатқан жылымыз да осы жануардың жылы деп айтсақ болады. Жалпы өзімнің жеке пікірімді айтар болсам балалар қоғамда қалыптасып қалған пікірден алшақтап, заманға сай, көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет құрылымында жаңа ақпаратты, пікірлерді және оқиғаларды қабылдауға дайын болуы керек! Ал алдағы уақытқа қойып отырған жоспарымызға келетін болсақ, басты жоспар сан алуан кейіпкерлеріміз арқылы қазақ тіліндегі видеолар санын 100-ге жеткізу. Келесі қадам, әр баланың сол көңілді әндер мен сүйкімді кейіперлер арқылы ой-өрісінің дамуына атсалысу. «Елу жылда ел жаңа» демекші қазіргі уақыттан бастап ұлт негізі – қазақ тілін ұрпаққа аманат ету!
8. Мультфильмдерді әзірлеу барысында қиындықтар кездеседі ма?
Бір мультфильмнің өзі жеті адамның еңбегін талап етеді деп айтқан болатынмын. Қиындық әр жұмыста кездеседі, бірақ кездескен қиындықты ұжым болып шешуге тырысамыз. Ешқандай бақталастық, бәсекелестік жоқ. Ең бастысы барлығымыз бір команда болғандықтан бір-бірімізге түсіністікпен қараймыз. Ойымызды ортаға салып, пікір алаңына айналдыратын да сәттеріміз болады, нәтижесінде бір тоқтамға келіп, ең сәтті идеяны ары қарай дамытуға тырысамыз.
9. Балақайларға арналған осындай қазақ тіліндегі контенттер қаншалықты сұранысқа ие?
Қазіргі уақытта ғаламтор желісінде балаларға білім беретін контент өте көп, бірақ көбіне орыс немесе ағылшын тілдерінде. Қазақ тілінде өте аз. Мысалы, ағылшын тіліндегі «Санамақ» мультфильмі екі ай ішінде 3-5 миллион рет қаралады, орыс тіліндегілері 4-7 млн рет қаралады. Бір шетелдік мультфильмнің өзін балаларымыз 20-30 рет қайталап көреді. Сол себепті, негізінен, орыс тіліндегі мультфильмдер баланың санасына сіңіп қалады. Егер біздер қазақ тілін баланың санасына бүлдіршін кезінен сіңіретін болсақ, ол балада туған еліне және халқына деген отаншылдық сезім пайда болатыны анық. Сол себепті, ертеңгі күннің үзеңгісін қолына алатын ұрпағымызды бүгіннен бастап тәрбиелеуіміз керек!
Сұхбатыңызға рақмет, Назымбек! Әр бастаған ісіңізге табыс тілейміз!