Карантин жағдайында барлық мектеп оқушылары IV-тоқсанды қашықтықтан және онлайн түрде оқитыны хабарланғаннан кейін, біздің ұжым форс-мажорлық ситуацияға қарамастан, “Online Mektep” жобасы аясында оперативті түрде бейнесабақтардың түсірілім жұмыстарын бастаған болатын.
Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға қарамастан, ұстаздар қауымы жаңа жүйені тез игеріп, өз жұмыстарын кәсіби деңгейде атқарып шығуға тырысуда. Осы орайда, “Online Mektep-те” сабақ беріп жүрген мұғалімдерді cіздермен жақынырақ таныстыруды шештік. Бүгінгі айдарымыздың алғашқы қонағы - “Smart Bilim” мектебінің негізін қалаушы, алгебра және геометрия пәнінің мұғалімі Аралбек Берікұлымен сұхбатты және эфирге шығатын 10-15 минуттық бейнесабақтардың "кадрдан тыс" тұстарын назарларыңызға ұсынамыз.
"Мен үшін түсірілім тез өтеді, бірақ түсіруге дайындық өте ұзақ өтеді. Алғашқы уақытта аз ғана уақыт ішінде 2 аптаның контентін дайындау керек болды. Ол дегеніміз 34 сабақ. 34 сабақты мен үш күн бойы түңгі 3-ке дейін, екнші күні түңгі 4-ке дейін, үшінші күні таңғы 5 жарымға дейін дайындалдым. Кейін 9:30-да жазба сабақтарын түсіру үшін осы жерде болу керек болды. Бір күнде 10 сабақ түсірген кездер де болды. Әрине, мұның барлығы еліміздегі оқушыларға пайдасы тиіп жатса, бұл мен үшін ешқандай да проблема емес, керісінше, қуантады."