Еліміздің аумағында карантин режимі жарияланғанына бір айдан астам уақыт өтсе, мектеп оқушыларының қашықтықтан білім алып жүргеніне үш апта көлемі болды. Осы уақыт ішінде онлайн сабақ беру жүйесі туралы түрліше пікірлер қалыптасты. Бірі алғыс сөздерін айтып жатса, енді бірі сабақтың мазмұнынан қате іздеп әлек. Десек те, осындай қиын-қыстау уақытта, мамандықтардың төресі - ұстаздықтың орны ата-аналар мен оқушылар үшін де ерекше байқалғаны даусыз.
Мектеп қабырғасында болсын, электронды “қорапшалардың” арғы бетінен болсын мұғалімдердің оқушылар үшін сіңіріп жатқан еңбегі зор. Өткен мақаламызда қашықтықтан оқыту кезінде балалар үшін қандай қолайлы жағдайлар жасауға болатыны туралы айтсақ, бұл жолы мұғалімдер үшін оқыту форматын қалай тиімді ұйымдастыруға болатыны туралы бірнеше нұсқаулықтардан мысал келтіретін боламыз:
1. Оқушылардың телесабақтарды қарап шығуын ұсыну. Телесабақтар арнайы бекітілген, барлық мектептерге ортақ жоспардағы тақырыптар негізінде жүргізілетіндіктен оқушы жаңа тақырып бойынша бағыт-бағдар ала алады. Ал сабақтарды көріп болғаннан соң, жаңа тақырып бойынша бекіту тапсырмаларын орындай алады.
2. Қосымша тапсырмалардың нақты орындалу мерзімін көрсетіңіз. Қашықтықтан оқыту кезінде көптеген оқушылардың техникалық мүмкіндіктері болмауы әбден мүмкін, алайда, белгілі бір уақытқа орындалған жұмыстың жауапкершілігі де артатынын естен шығармаған жөн.
3. Қайталау сабақтары кезінде тақырыпқа сәйкес қызықты әрі танымдық тапсырмаларды ұсынып көріңіз. Аудиокітаптар, фильмдер немесе отбасылық сергіту жаттығуларын орындау да баланың оқуға деген құлшынысы мен қызығушылығын арттырары сөзсіз.
4. Баланың психологиялық көңіл-күйіне мән беріңіз. Енді мектеп партасында отырып тақтаға емес, ұялы телефонға үңілген оқушының сабақтан тыс басқа да ақпараттарға ойы бөлінуі де күтілетін жағдай. Қашықтықтан әрине баланың жай-күйін, психоэмоциялық жағдайын аңғару қиын. Мұндай жағдайда ата-анамен де тығыз қарым-қатынас орната білу аса маңызды. Әсіресе, төменгі сынып оқушыларының сабаққа қатысуын ересек адамдардың қадағалағаны абзал.
5. Онлайн сабақты өткізу форматын нақтылаңыз. Қандай да бір сапалы білім беру ресурстарына тоқталып, басқа материалдармен араластырмауға тырысыңыз. Бұл сіз үшін де, оқушы үшін де тиімді болмақ. Себебі, оқыту әдістерінің немесе ресурстарының әр түрлі болуы баланы шатастыруы мүмкін.
Қазіргі уақыттағы қиын жағдайға қарамастан білімді алдыңғы орынға қойып, аз ғана уақыт ішінде елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа өзгеріс - қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілді. Барлық жағдаяттарды ескере келе, ұстаздар қауымының ерен еңбегі алдында басымызды иіп, алғыс айтқымыз келеді. Ұлт болашағы үшін атқарып жатқан жұмыстарыңызда тек сәттілік тілейміз!