Сабақ арасындағы үзілістер, тақта мен бор, тоқсан соңындағы бақылау жұмыстары… . Елімізде тараған пандемияға байланысты оқушылар қашықтықтан оқытуға көшкендіктен мұның барлығы да балалар үшін ұмыт болып бара жатыр. “Мұғалім кейіпіндегі” ата-аналар мен “үйдегі мектептің” қазіргі көрінісі қандай?
Оқушылардың қашықтықтан білім алуы- тек олар үшін ғана емес, қоғам үшін де жаңаша өзгеріс болды десек те болады. Дегенмен, сандық технологиялар дәуірінде әрі дәл қазіргі жағдайда орта білім беру мекемелерінің қашықтықтан оқыту жүйесіне көшуі ертелі-кеш жасалынатын қадамдардың бірі еді. Осы орайда балалардың үй жағдайында білім ала алуы үшін қандай қолайлы жағдай жасауға болатыны туралы бірнеше нұсқаулықтарды назарларыңызға ұсынамыз:
1. Баланың күнделікті режимін бұзбауға тырысыңыз. Таңғы асқа тұратын уақытынан бастап ұйықтайтын уақытына дейін жоспарлы болуын қадағалаңыз. Егер бала ата-ананың қадағалауымен қандай да бір тәртіптемені ұстанатын болса, ол оқу процессінде де жауапкершілікті сезінетін болады.
2. Баланың жеке қызығушылығы мен танымдық мұқтаждықтарын ажырата білген абзал. Сабақ кестесінен бөлек, балаңызға қызықты әрі пайдалы фильмдер, ойындар немесе тапсырмаларды ұйымдастыруға тырысыңыз.
3. Онлайн оқыту кезінде сыныптағы атмосфераны қалыптастырыңыз. Сабақ барысындағы тапсырмалардың диван үстінде немесе жүрдім-бардым орындалмауына мән беріңіз. Мұғаліммен кері байланыс жасай отырып, әр тапсырманың уақытылы орындалуын жіті қадағалаңыз.
4. Позитивті көзқарас. Мың-сан қарбалас жұмыстың арасында, оның үстіне, қазіргідей қиын жағдайда баланың үй тапсырмаларынан бөлек мектепте өтілуі тиіс жаңа тақырыптарды меңгеруіне де көңіл бөлу қажеттілігі туындауы ата-аналар қауымын абдыратқаны рас. Әйтсе де, психологиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, сіздің жаңа форматтағы оқу үрдісін қабылдауыңыз және көзқарасаңыз балаға тікелей әсер ететінін ұмытпаған жөн.
5. Ақпаратты ұсыну. Сабақ барысындағы кез келген жаңа ақпаратты балаға қызықты болуы үшін әртүрлі тәсілдер арқылы ұсынып көріңіз. Мәселен, баланың күнделікті тұрмыста көріп жүрген заттарын қолдану арқылы жеткізуге болады.
Қашықтықтан оқыту кезінде сіз “ересек адам” екеніңізді ұмытпаңыз. Баланың өзін-өзі қадағалау және жетілдіру секілді қасиеттері әлі қалыптаса қоймағандықтан, сіздің тарапыңыздан көрсетілетін психологиялық көмек пен ата-ана ретіндегі қолдауыңыз аса маңызды. Карантин- тек жұртты дүр сілкіндірген індет қана емес, білім беру жүйелерін жаңа технологиялармен мамандандырылған және озық етіп шығаруға таптырмас мүмкіндік. Осындай қалыпта оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар біріге отырып қашықтықтан оқытудың сапалы жүйесін құра алатынымызға сеніміміз мол.