Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназия
Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназия
Гимназия
Мекенжайы:
ул.Кабанбай батыра, 86
Электронды мекенжайы:
Сайты:
Жаңартылды: 26.12.2024
4641
«Бүгінгі заман үлкен бәсекеге дайын білімді, біліктілікті кадрларды қажет етеді. Ал ол кадрлар мектептен шығады. Білім мектептен басталады.»
Н.Ә.Назарбаев
Мектеп
Тәуелсіздігімізбен құрдас, әрбір шәкіртке ұмытылмас қасиетті білім ордасы
Халқымызда «Бағалай білмегенге бақ тұрмайды, қадірлей білмегенге құт қонбайды» деген сөз бар. Еліміздегі кімнің де болса жер асты еңбегінен ғарыштық даңққа дейінгі аралықтағы мерейлі табысы Тәуелсіз мемлекеттігіміздің жемісі екенін айту азаматтық ниетіміздің адалдығын білдірмек. Біздердің, қазақстандықтардың, бағымыз да, құтымыз да – ұлы Тәуелсіздігіміз. Ел Тәуелсіздігін бағалап, қадірлеп, ұрпақтан ұрпаққа абыройын асқақтатып аманат етіп тапсырып отыру парызы – бәріміздің де бақытымыздың қайнар көзі. Ол Қазақстан тағдырымен әрқайсымыздың тағдырымыздың біртұтас бірлігінен туындайды. Осы орайда Алматы қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияның құрылу тарихы мен даму жолы ел Тәуелсіздігімен өрімдес екенімен ерекшеленеді.
№159 қазақ мектебінің ашылуы үшін ерекше еңбек сіңірген, әрі оның бастамашысы, ұйытқысы болған – осы деректі хиқаяттың авторы, қазақ тілінің белгілі жанашыры Жүніс Ыбырай. Сондағы №159 қазақ мектебін ашу жолындағы күрес туралы Ж.Ыбыраев арнайы деректі кітап жазып, оны «Ұрпағыңды өсір жастайын...» деп атап, 1998 жылы жариялады. Шығарманың осылай аталуы да қазақтың қазақ болып қалуы үшін ұрпағын жастайынан ана тілінде оқыту керек деген автор ойынан туса керек. Тарихи хиқаятта нақты баян етілгендей, жұртшылық қауымның тілектері және «Қазақ тілі» қоғамы қайраткерлерінің табанды талабы арқасында Қабанбай батыр (Калинин) және А.С.Пушкин көшелері қиылысындағы ғимаратта жаңа ашылған №159 қазақ орта мектебі 1991 жылы 31 тамызда бірінші қоңырауын соқты.
Осы сәттен бастап, шәкірттердің «Мектеп – алтын бесігің, шаттанып аш есігін!» деген білім ордасының кіре беріс маңдайшасындағы көрнекті жазуға күн сайын көзі түсіп оқып, алтын босағасын ықыласпен аттап, киелі мекендегі ұлан-асыр оқу шаттығына бөленіп келе жатқанына да, міне, жиырма үш жыл толып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Халқына «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында 2050 жылға дейін Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуі туралы нақты тапсырма берді. Осы стратегиялық маңызды мәселені шешу – тұлғаның негізгі сапалары болып табылатын белсенділігі мен оның шығармашылық ойлау қабілетін қалыптастыруға және бейтаныс жағдайда мәселенің шешімін таба білуге үйренуіне, өмір бойы оқу дағдыларының іргетасының қалыптасуына тікелей байланысты.
Елбасы қойған мақсатты жүзеге асыруда Алматы қаласында 2014 жыл – «Білім жылы» деп жарияланғаны белгілі. Алматы қаласының әкімі А.С.Есімов бастамашылығымен жарияланған Алматы қалалық Білім жылы жоспарлары негізінде №159 гимназияда 2014 жылға арнап өзінің іс-шараларын белгіледі. Бұл үрдісте елімізде қолға алынған үлкен бағдарға – орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу бағдарына – бағыт ұсталылуда.
Қазіргі қоғамға әлемдегі болып жатқан өзгерістерге жылдам бейімделетін адамдар керек. Осы жағдайда мектептегі оқу – оқушылардың логикалық, сыни, конструктивтік ойлауын қалыптастыруға бағытталған. Ол түптеп келгенде, терең білімді, денсаулығы мықты, өмірге бейімі жан-жақты ұлт қалыптастыруға қызмет етеді.
Бұл айтылғандар №159 гимназияның педагогикалық ұжымының 2013-2014 оқу жылында басшылыққа алған және нәтижелікпен жүзеге асыруға ұстанған тұжырымдамалық бағдарлар болып табылады.
«Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз», - деген Президент Жолдауынан әлемдік және ұлттық бәсекелестікте білім шешуші тетік екенін, әлемдік деңгейге көтерілу үшін мектепте сапалы білімді саналы меңгеруге қол жеткізу керектігін өзімізге міндет етіп белгілейміз. Осыған орай гимназиямыздың шәкіртінің бейнесін анықтау толықтырылып, байытылды. Онда: «Гимназиямыздың әрбір оқушысы бәсекеге қабілетті, ой-өрісі кең, жан дүниесі бай, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай алатын, басқаның пікірімен санасып, төзімділік пен түсіністік таныта алатын, кез-келген мәселеде істі шешудің жолын таба білетін, жауапкершілігі жоғары, қоғамда өз орны бар, іскер де өнегелі жеке тұлға деңгейіндегі азамат болуға өзін-өзі дайындап, сол қабілеттердің негіздерін өз бойларында қалыптастыруы тиіс», - деп көрсетілген. Гимназиямыздың түлектері әлемнің кез-келген елінде білімін жалғастыруға қабілетті деңгейге жетуі керек деген міндет қойылды. Оқушыларымыздың қазіргі заман талабына орай парасатты, біліктілікті, бүкіл адамзаттық деңгейдегі мәдениетті болуының негізі – ұлттық білім мен тәрбие деп санап, ұлттық және азаматтық біртұтас көзқарастарын қалыптастыруды мақсат еттік.
Тәуелсіз еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Еліміздің ертеңі мен бүгіні – жас ұрпақ қолында, жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында», - деп айтқанындай, Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияның педагогикалық ұжымы өзінің Отан алдындағы, жас ұрпақ алдындағы осынау ұлы миссиясын адал атқаруда аянбай еңбек етіп келеді.