Мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған «Симулятор жасап көр!» байқауы аяқталып, жеңімпаз анықталды. Байқауға жүзге жуық үміткер қатысты. Алматы қаласындағы 118-мектептің 11-сынып оқушысы Ринат Жәнібеков жеңімпаз атанды. Ринат байқауға «Ле Шателье принципі» деген тақырыптағы симуляторын ұсынды. Жеңімпаз жұмысында Ле Шателье принципінің жұмысын, оның өндірісте қолданылу тиімділігін, оны жүзеге асыру барысындағы қысым мен температура өзгерісін және жұмыс өнімділігін жан-жақты қарастырған.
Ринаттың жұмысын Phet Simulation (University of Colorado Boulder) сарапшылары: «Симулятор идеясы айқын, оқыту мақсаттарына жауап беретін динамикалық іс-әрекетті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстан оқушылар материалды терең түсінуге көмектесетін қосымша деректер ала алады. Симулятордың тұжырымдамасы жүйелі берілген» деп бағалады.
Жеңімпазға электроника дүкеніне 100 000 теңгелік сертификат және байқауға ұсынған сценарий бойынша симулятор жасап, сайтта жариялау мүмкіндігі берілді. Сонымен қатар, жеңімпаз бір жыл бойы bilimland ресурстарын тегін пайдалана алады.
Әділқазылар алқасы тағы бес ерекше жұмысты атап өтті:
Алёшин Владимир «Нумерускрипт» (Алматы қаласы, №118 мектеп-гимназиясы);
Бабицкая Ульяна «Жанатын пайдалы қазбалар» (Қарағанды облысы, Саран қаласы №1 орта мектеп);
Гейзлер Эмма «Берілген заттардың саны бойынша бөлшектердің массасын, көлемін есептеу» (Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы, № 14 орта мектеп);
Пестов Эвальд «АЭС: ядроны бөлу және тізбекті реакция» (Алматы қаласы, Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі);
Рымбай Бекзат «ChemRatePro»(Қарағанды қаласы, №15 орта мектеп).
Аталған оқушыларға Bilimland, iTest, iMektep, Twig-bilim білім беру платформаларына бір жылға жазылым және сертификаттар табысталды.
Байқауға қатысқан барлық дарынды және алғыр оқушыларға алғысымызды білдіреміз. Bilimland.kz сайтындағы және әлеуметтік желілердегі біздің парақшаларымыздағы жаңалықтардан қағыс қалмаңыздар! Жаңа байқауларға қатысып, жеңістерге жетіңіздер!