Эссе және өлең-жыр байқауының апталық қорытындылары аяқталып, соңғы жеңімпаздар анықталды!

Эссе және өлең-жыр байқауының апталық қорытындылары аяқталып, соңғы жеңімпаздар анықталды!

Bilim-all.kz және Bilimland.kz сайттары бірлесе ұйымдастырып отырған Эссе және өлең-жыр байқауы апталық қорытындылары аяқталып, соңғы жеңімпаздар анықталды!

2019 жылдың 30 тамызынан бастап, bilim-all.kz және bilimland.kz сайттары жас қаламгерлер арасында сайыс жариялаған болатын. Байқау шығармашыл жастардың өнеріне қолдау көрсете отырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, өлең-сөздің құдыреті арқылы қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған. 

bilimland.kz апта сайын үздік шығарма авторларын жариялап, powerbank-пен марапаттады. Байқау басталғалы бері апта сайын осы күнге дейін 21 жеңімпаз анықталды.

Олар: 

  1. Махаббат Самрат 
  2. Арайлым Ерубай
  3. Назерке Әліқұл
  4. Мақпал Жарылқапберген
  5. Жомарт Қалмұратов
  6. Нұрсұлтан Қожағұл
  7. Абзал Алтый
  8. Гүлдана Бекболат - “Жастық жыры”
  9. Динара Әділбек - “Мен қазақпын”
  10. Әйгерім Қаршыға
  11. Нұрила Бөкебай
  12. Бағдаулет Жантілеу
  13. Нұрбек Бекұлы
  14. Құралай Жылтықаева
  15. Жұлдызай Жақсылық
  16. Тағыберген Нұрлыбек
  17. Арайлым Қоскеева
  18. dias7a
  19. Өтеміс Айгүл Сәкенқызы!
  20. Сағатбек Ернұр (Koshkar)
  21. Данагүл Амангелді (Danagulaman)

(Сыйлықтарыңызы алу үшін бізбен байланысуыңызды сұраймыз!)

 Байқау соңындағы негізгі жүлде иесі барлық шығармалар арасынан 26 ақпан күні анықталатын болады! Жеңімпазды https://bilimland.kz/kk/news-articles/articles/esse-bayqaudyn-korytydylary сілтемесі арқылы көре аласыздар. (Сілтеме 26 ақпаннан бастап жұмыс істейді!) 

____________________________________________________________________________________________

2020 жылдың қаңтар айындағы өткен екі аптаның (байқаудың 20,21-апта) қорытындысы бойынша назарларыңызға үздік екі туындыны ұсынамыз!

20 аптаның қорытындысы бойынша кезекті жеңімпаз: Сағатбек Ернұр (Koshkar)

Үй керек

Үй – адамның басты баспанасы. Адамзат баласы жұмыр жер бетіндегі тіршілік атаулының биігі – адам болып жаралып, таспен тасты үйкеп от жаққаннан, қайла ұстап қайратын жұмсағаннан бері үй жасауға құмар. Бұл құмарлық ыстық пен суықтан, түрлі сыртқы күштерден қорғануға деген биологиялық, қала берсе, қарапайым тұрмыстық қажеттіліктен келіп шықты. Есте жоқ ескі заманда баспана үңгірден басталып, кейін ұра, одан беріректе лашық, жаппа, киіз үй болып жалғасып, келесі сатыда іргетасы қаланып, керегесі көтерілетін қазіргі тұраққа келіп табан тіреді.
Қазақ тілінде «үй» сөзі «шаңырақ», «отбасы», «түтін», «үй іші», «отау»  және «баспана», «қоныс», «тұрақ», «жай», «там», «пана» деген сөздерге синоним ретінде қолданылады. Алғашқы синонимдік қатардағы ұйытқы сөздің «отбасы» екеніне қарап қазақ атамыз материалдық құндылықтардың бәрін отбасы құндылығының алдына әкеп басын идіріп, соған қызмет көрсеткізіп, қажетіне жаратқанын аңғарамыз.
Үй әрбір адамға керек. Өң мен түсі түрлі-түрлі, ниеті мен пейілі әр қилы адамзат баласының бір бөлігі басқа түскенге баспақшыл деп немесе тағдырына наласын жаудырып тулақтай болса да тұрақ-жайға жете алмай зар, бір бөлігі барына қанағат етушілер, қалғаны баспанасы бар болу деген бақытты баяғыда-ақ ұмытып кеткендер. Тіпті кейде жылдар бойы жабық тұрған үйлерінің кілтін қайда қойғанын әлдеқашан есінен шығарып алғандар «кілтсіздерді» де  кездестіреміз.
Әлемде жолдар көп, ал ең тамаша жол өз үйіңе апаратын жол. Жаратқанның рахымынан үміттеніп, «әрекетіне берекет» тілеп тырбынған құмырсқа төзімді пенде күндердің күнінде жұмысынан жадырап шығып, темір тұлпарын тебініп осы ең тамаша жолмен құтты қонысына қарай құйғытып отыратыны даусыз.
Бірде көп жыл ауылда үй салған қарт құрылысшы сақалын сипап тұрып «Еее, бұл үй дегеннің аты айтып тұр ғой «Үй!» деп. Әп деп басталып кетсе болды, құрылыс материалдарынан бастап, жиһазбен жалғастырып, сосын бар тапқан-таянғаныңды қосып үйге үйе береді екенсің. Солай уақыт, өмір өте береді!» Рас, есті азаматтың ғұмыры ірілі-ұсақты игіліктердің бәрін түзге шашпай, қара шаңырағының қара қазанына салумен өтеді екен.
«Үйінде бақытты адам – ең бақытты адам». Ал бақыт – берекелі үйде. Кемеңгер халқымыз «Би болмасаң болма, би түсетін берекелі үй бол» деген ежелден. Ат үстінде туып, қарағай садақ асынып, дұшпанын дүмдей басынып, досына дардай шашылып өскен қазақтың көшпелі баспанасы іргетасы орнатылмаған, шеге қағылып, шемен кірпіш қаланбаған, көшіп-қонуға ыңғайлы киіз үй ғана болса да, үйдің сән салтанатын кемеліне келтіріп ұстаған. Салтантты үйдегі берекенің қазығы әйел екенін «Жақсы әйел – мейманыңның, иманыңның, жиғаныңның тұрағы»  деп бекіте айтса, «Ер адам – түздің адамы», «мал табушы» деп басты жауапкершілікті ер азаматқа артқан.
Сонымен екі аяқтылар екіленіп еңбек ете жүріп үйдің қазіргі нұсқасына да жетті. Дегенмен бір кезде саф алтындай жарқыраған үй іші құндылықтары өркениет өркен жайып, мәдениетке кесірін тигізген сайын мешелсіп қалып барады. Көбіміз тыраштанып жүріп кең үйге жетеміз, бірақ панамыз кеңейген сайын пейіліміз тарылады.
Үй – біздің сырттан жылу іздеп тығылатын ұямыз ғой. Әрбір азаматқа бәйтерекке салған ұядай еңселі тұрақта қуырдағы қайнап, шуылдағы ойнап, ақ жаулық иіліп, ақ жүрек сүйініп тұратын отау керек.
 
(Автордың орфографиясы мен пунктуациясы сақталған)
Кезекті жеңімпазды құттықтаймыз!

____________________________________________________________________________________________

21 аптаның қорытындысы бойынша кезекті жеңімпаз: Данагүл Амангелді (Danagulaman)

Ұстазға арнау

Ұстаз үшін білім беру ақыл ойдың негізі
Төзім-бұлақ, білім-дана, кітап оның егізі.
Мыңды жығып, өз білімін шәкіртіне ұқтырар,
Ұстаз деген шәкірттердің ұланғайыр теңізі.
 
Ұстаз ойы кең ауқымды тез ұғатын ілімді,
Қайсарлықпен атқарар ілімің мен білімді.
Ұстаз- шәкірт ет жүрегі, даналардың данасы,
Яки ұстаз берген білім шәкірттерге сіңімді.
 
Ұстаз деген әр саланың маманының көсемі,
Ұстаз деген данагөй шешендердің шешені.
Ұстаз барда ел-жұрттың санасында білім бар,
Ұстаз барда биік тұрар бейбітшілік кешені.
 
Ұстаз барда әр пенденің парасатты ұл-қызы
Тең келмейді ұстазбенен жақұты мен құндызы.
Ұлы тарих тұғырында аты қалар нар тұлға,
Ұстаздардың рухы өшпес, көк аспанның жұлдызы.
 
Кемел ұстаз еткен іс, сан-салалы әрі ізгі,
Ұстаздардан нәр алған шәкірттердің бәрі ізгі.
Өз ісіне шыдамменен, жан-тәнімен берілген,
Ұстаз деген мәңгі нұрдың көмекшісі тәрізді.
 
(Автордың орфографиясы мен пунктуациясы сақталған)
Кезекті жеңімпазды құттықтаймыз!
 
Сыйлықты жіберу үшін бізбен байланысуыңызды сұраймыз!